Қазақстан құрамасының 6-шы Ислам ынтымақтастығы ойындарына қатысатын құрамы
2025 жылдың 7–21 қарашасы аралығында Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласында Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA), сондай-ақ Сауд Арабиясының Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеттерінің бастамасымен VI Ислам ынтымақтастығы ойындары өтеді.
Айтулы додада 57 елден шамамен 3000 спортшы бақ сынап, 25 спорт түрі бойынша (оның ішінде екі параспорт және екі көрсетілімдік бағыт) жүлделерді сарапқа салады.
Әр жылдары бұл байрақты бәсекеге Мекке (2005), Палембанг (2013), Баку (2017) және Конья (2021) қалалары бастамашыл болды. Ал 2009 жылы Тегеранда өтуі тиіс жарыс белгілі себептерге байланысты ұйымдастырылмады.
Бұл жарыста Қазақстанның намысын 100-ден астам спортшы қорғайды. Ұлттық құраманың сапында Олимпиаданың қатысушылары, әлем чемпиондары және халықаралық турнирлердің жүлдегерлері бар.
Ислам ынтымақтастығы ойындарының тарихында қазақстандық спортшылар жалпы 134 медаль еншілеген: 42 алтын, 36 күміс және 56 қола.
Ойын бағдарламасына өңірлік, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлері енген. Атап айтқанда: футзал, волейбол, бокс, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, ауыр атлетика, муай-тай, киберспорт, гандбол, дуатлон, таеквондо, жеңіл атлетика және параатлетика, 3×3 баскетбол, семсерлесу, биіктікке және үш қарғып секіру, түйе жарысы, күрес, джиу-джитсу, пара пауэрлифтинг, ат спорты, каратэ, ушу, сондай-ақ қойылымдық спорт түрлері – пенчак силат пен кураш бар.
Жарыстар Ар-Рияд қаласындағы төрт негізгі спорт нысанында өтеді:
Prince Faisal bin Fahad Sports City
Boulevard Riyadh City
Olympic Complex Green Hall
Al Janadriyah Field
Бұған қоса, негізгі ареналардың маңында уақытша инфрақұрылымдық аймақтар да пайдаланылады.
Спорттық жарыстардың кестесі:
4–6 қараша: футзал, волейбол, бокс, дзюдо, қойылымдық спорт түрлері
8–13 қараша: жүзу, үстел теннисі, ауыр атлетика, каратэ, гандбол
12–20 қараша: жеңіл атлетика, ат спорты, ушу, таеквондо, 3×3 баскетбол, семсерлесу
18–21 қараша: түйе жарысы, күрес, пара пауэрлифтинг, ойын түрлері бойынша финалдар