Жаңалықтар

Итиана Шингисханова World Boccia Challenger 2025 турнирінде Қазақстанға алғашқы алтын медаль сыйлады

Жеңімпаз атанған – елорда намысын қорғаған спортшы Итиана Шингисханова. Ол BC2 санатында өнер көрсетті. Шешуші кездесуде Шингисханова қарсыластарын сенімді түрде ұтып шықты: ол өзбек спортшысын 5:2 есебімен, ал Оңтүстік Корея өкілін 8:3 есебімен жеңді.

Бұл жеңіс Қазақстан құрамасына аталған жарыстағы алғашқы алтын медальді сыйлады. Сонымен қатар, тағы бір қазақстандық спортшы – Алмат Ерхат (BC1 санаты) финалға жолдама алып, жүлде үшін күресті жалғастыруда.

Халықаралық BISFed (Бочча халықаралық федерациясы) аясында ұйымдастырылған бұл турнир іріктеу мәртебесіне ие және қатысушыларға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алу үшін қажетті рейтингтік ұпайларды береді.

Астана төрінде 14 елден келген 56 параспортшы бақ сынауда. Олардың ішінде Оңтүстік Корея, Тайбэй, Сингапур, Үндістан, Италия, БАӘ, Өзбекстан, Кипр, Иран, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Мысыр және Қазақстан спортшылары бар. Жарыс B1–B4 санаттары бойынша жеке, жұптық және командалық сайыстарда өтуде.

Турнир 27 тамызға дейін жалғасады.