Жаңалықтар

Қазақстан құрамасы Таиландты 3:0 есебімен жеңіп, Әлем кубогінің жартылай финалына шықты

Бұған дейін қазақстандық спортшылар іріктеу кезеңінде Италия (3:0), Польша (3:0), Канада (3:0), Франция (3:0) және АҚШ (3:2) құрамаларын ұтып, топтық кезеңді бірінші орынмен аяқтады.

«Әлем кубогінде ұлттық құрама жоғары деңгейде ойын көрсетіп, барлық алты кездесуінде сенімді нәтиже көрсетті. Бұл — спортшылардың қажырлы еңбегімен қатар, мемлекет пен серіктестердің жүйелі қолдауының нәтижесі. Спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуіне қолдау көрсеткен Туризм және спорт министрлігіне, «Ситибанк Қазақстан» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ және Sport Qory-на алғыс білдіремін. Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында ұлттық құрама халықаралық деңгейде тұрақты көшбасшы ретінде танылып, жаңа биіктерді бағындыруда», — деді Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов.

Жартылай финалдық кездесу 18 қазанда Астана уақытымен сағат 03:00-де Египет құрамасына қарсы өтеді.

Волейболды отырып ойнаудан Әлем кубогі 9–18 қазан аралығында өтіп жатыр. Байрақты додаға 14 (ерлер) және 6 (әйелдер) ұлттық құрамалар қатысуда. Бұл турнир Лос-Анджелес–2028 Паралимпиадасына жолдама беруге ықпал ететін маңызды рейтингілік жарыстардың бірі.

Айта кетсек, биыл ұлттық құрама алғаш рет Азия чемпионы атанған болатын. Ал әлемдік рейтингте Қазақстан ерлер құрамасы 66 елдің ішінде үздік бестікке кіреді.